Ақтөбеде қатты жел тұрып, бірнеше ғимаратқа залал келтірді

Батыс-2 ықшам ауданындағы қатты дауылдан құлаған құрылыс краны. Ақтөбе, 3 шілде 2017 жыл.

Ақтөбеде дүйсенбіде сағат 12:30 шамасында кенеттен дауыл тұрып, бұршақ жауды. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Азаттыққа хабарлауынша, қатты дауылдан Батыс-2 ықшам ауданында құрылыс краны құлап, 10 қабатты тұрғын үйдің бірнеше балкондарын қиратты.

Сонымен қатар Қобыланды батыр атындағы орталық стадионның және Батыс-2 ықшам ауданындағы №6Г үйдің шатырын ұшырып әкеткен. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.

Республикалық"Қазгидромет" мекемесінің Ақтөбе облыстық филиалының бөлім бастығы Айгүл Сайымова Азаттыққа желдің жылдамдығы аса қатты болмағанын, "кран құлайтындай жылдамдықта дауыл тұрмағанын" айтады.

- Ақтөбеде соққан желдің жылдамдығы секундына 18 метрге ғана жетті. Найзағай ойнағанда әдетте желдің екпіні күшейеді. Жұрт айтқандай желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге жеткен жоқ. Батыс-2 ықшам ауданының өзі биік жерде орналасқан. Ол ауданда жел тұрған кезде үйлердің арасында дауыл сияқты ұйтқып соғады. Кранның өзі дұрыс бекітілмеген болуы керек, әйтпесе кран құлайтындай қатты дауыл тұрған жоқ, - деді Айгүл Сайымова Азаттыққа.