Сейсенбі күні таңертең Солтүстік Корея кезекті рет баллистикалық зымыран сынады деп мәлімдеді Оңтүстік Корея әскерилері. Жапония билігінің есептеуінше, зымыран ұшырылғаннан соң 40 минуттан кейін Жапон теңізіндегі Жапонияның экономикалық аймағына құлаған. Токио Пхеньянға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын өрескел бұзғанына қарсылық білдірді.
Пхеньян баллистикалық зымыранын АҚШ-тың тәуелсіздік күні мерекесі алдында және Германияда "Үлкен жиырмалық" елдер басшыларының саммитіне бірер күн қалғанда сынап отыр. Саммитте АҚШ, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея басшылары Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран бағдарламасын бейтараптандыру шараларын талқылайды деп жоспарланған. 3 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Жапония және Қытай басшыларымен телефонмен сөйлесіп, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын талқылаған.
Өткен аптада Трамп Оңтүстік Корея президенті Мун Джэинмен алғашқы кездесуінде Солтүстік Кореяның арандату әрекеттеріне батыл жауап беруге шақырған.
Солтүстік Корея маусымның басында бірнеше рет зымыран сынаған.