Тәжікстан астанасы Душанбе қаласының соты қашқында жүрген милиция полковнигі Гулмурод Халимовтің баласы Бехруз Гулмуродты 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Гулмурод Халимовтің «Ислам мемлекеті» (ИМ) террористік ұйымына қосылғаны туралы ақпараттар тараған. Оған "соғысқа жалданды" деген айып тағылған.
Аты-жөнін жариялағысы келмеген Душанбе сотындағы дереккөз Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісіне Бехруз Гулмуродқа қатысты сот үкімінің бір ай бұрын шыққанын хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, сотталушының туыстары үкімге қарсы шағым түсірмеген, сондықтан ол осы аптада Вахдат қаласындағы түрмеге жазасын өтеуге жөнелтілген.
Сот өкілі Бехруз Гулмуродтың соты жабық өткенін айтты, үкім оның туыстарының қатысуымен оқылған
18 жастағы Бехруз Гулмурод - қашқында жүрген полковниктің үлкен ұлы. Ол биыл сәуірде Варзоб ауданында ұсталған. Туыстарының айтуынша, ол отбасына көмектесу үшін шағын бизнеспен айналысқан. Гулмурод Халимовтің бірінші әйелі, Бехруздің анасы Назокат Муродованың айтуынша, ол ұлына үкім шыққан кезде сотқа қатысқан. Оның сөзіне қарағанда, ұлы өзін айыпты санамайды, әкесінің әрекеттеріне қатысы жоқ. Назокат Муродованың айтуынша, Бехрузға қарсы іс қозғалғанда олар авдокат жалдай алмаған, адвокаттары болмағандықтан сот үкіміне шағым түсірмеген.
Ал 5 шілдеге ауған түні Восей ауданының Ибрати ауылында милициямен қақтығыс кезінде қашқында жүрген полковниктің төрт жақтасы өлтірілгені хабарланды. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, қақтығыс кезінде Тәжікстан ІІМ-інің ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімі бастығының орынбасары Анвар Хусейнов пышақ жарақатын алған. Қақтығыс қалай басталғаны, ол ауданда Халимов жақтастары қайдан жүргені туралы егжей-тегжейлі ақпарат жоқ.
Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылы сәуір айында жоғалып кеткен. Сол жылы мамыр айының соңында ол "Сирияда жүргенін" хабарлаған. Видеоүндеуінде Тәжікстан ІІМ-інің арнайы жасағының бұрынғы командирі өзінің діни еркіндігі шектелгенін мәлімдеп, ИМ содырларына сол себепті қосылғанын айтады. Тәжік билігі қашқын полковникке отанын сатты деген айып таққан.