АҚШ президенті Дональд Трамп пен Германия канцлері Ангела Меркель Гамбургте «Үлкен жиырмалық» (G20) елдері саммиті алдында кездесіп, Украинаның шығысындағы жанжалды, Солтүстік Корея мәселесін және Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады.
Бейсенбіде Гамбургтегі қонақүйде өткен кездесу бір сағатқа жуық уақытқа созылды. Батыс журналистерінің хабарлауынша, екі басшы кездесіп, тіл қатысып, қол алысқаннан кейін келіссөз жабық есік жағдайында жалғасқан.
Бұған дейін Трамп пен Меркель мамыр айында Вашингтонда кездескен.
Меркельмен келіссөздерден соң Трамп Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Ин және Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездескен. Бұл кездесудегі негізгі тақырып осы аптада Солтүстік Корея өткізген құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағы болған. Пхеньянның бұл ісі бүкіл әлемде реакция туғызған. Әскери мамандардың пікірінше, бұл сынақ Солтүстік Корея тарапынан өзге елдерге қауіп-қатердің артып отырғанын білдіреді.
Бүгін Гамбургте ашылатын G20 саммитінің күн тәртібі әлемдік сауда және климаттың өзгеруі мәселелеріне арналады. Бұл екі мәселе бойынша АҚШ пен Германия пікірі арасында алшақтық бар.
Гамбургтегі жиын ашылар қарсаңда ғаламдану саясатына қарсы көп адам қатысқан шеру өтті. Шілденің 6-сында наразылық шеруін тарату үшін германиялық полиция су шашатын құралдар қолданған.