АҚШ, Иордания және Ресей шілденің 9-нан бастап Сирияның оңтүстік-шығысында қарулы қақтығысқа қатысып жатқан қарсылас тараптар арасында бітімге келу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл туралы ақпаратты Гамбургте өтіп жатқан "Үлкен жиырмалық" саммиті кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров растады деп хабарлайды Reuters.
Тиллерсон әңгіме Сирияның Иорданиямен шекарасына жақын тұстағы соғыс аймағына қатысты екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл уағдаластық АҚШ пен Ресейдің Сириядағы жанжалды реттеу ісінде ынтымақтаса алатынын көрсеткен. Екі ел Сирияның өзге аймақтарындағы жағдайларға қатысты да осы бағытта жұмысты жалғастыратын болады деген Тиллерсон.
Сирияда алтыншы жылға жалғасып жатқан қарулы жанжал барысында жарты миллионға жуық адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын үй-жайын тастап, бассауғалап кетуге мәжбүр болған.