Шешенстан министрі көп адам өлтіру жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров (оң жақтан екінші) қарулы жасақтың алдынан өтіп барады.

Шешенстан ресмилері осы республикада ұсталғандар сот-тергеусіз жаппай өлтірілген деген ресейлік "Новая газета" басылымының мақаласындағы ақпаратты "жалған" деп атады. Газет мақаласына қатысты ресейлік "Дождь" телеарнасына пікір білдірген Шешенстанның ұлттық саясат жөніндегі министрі Жамбулат Умаров оны "ауру қиялдың кезекті көрінісі" деп атаған.

"Новая газетаның" мәліметі бойынша, биылғы қаңтар айында Шешенстанда ұсталған адамдардың кемінде 27-і ешқандай сот-тергеусіз өлтірілген. Оларды қандай күдікпен ұстағаны да әзірше белгісіз. Басылым дерек көздерінің айтуынша, ұсталғандарды өлтіруге республикадағы жоғары лауазымды шенеуніктер де қатысқан.

"Новая газет" сәуірде Шешенстанда гейлердің қуғынға ұшырағаны туралы жазған. Зардап шеккендердің берген куәліктеріне қарамастан, Шешенстан билігі азаптау мен адам өлтіруге өздерінің қатысы барын жоққа шығарған. Батыс елдері Кремльден Шешенстандағы зорлық-зомбылық оқиғалары туралы деректер бойынша тергеу жүргізуді талап еткен.