Киев Украинаға кіретін ресейліктер үшін арнайы ереже енгізді

Александр Турчинов, Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы.

Киев ресейліктер үшін Украина территориясына кірудің жаңа тәртібін енгізді. Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчиновтің мәлімдеуінше, 2018 жылдан бастап Украинаға келетін Ресей азаматтары Украина сыртқы істер министрлігінде алдын ала электронды тіркеуден өтуі тиіс болады.

Ресейліктер сонымен қатар барған жерінде уақытша тіркеуге тұрып, жүріп-тұрған жерлері туралы хабарлап отыруға міндеттелмек.

Бұдан өзге, келесі жылдан бастап шетел азаматтары Украина территориясына биометриялық паспортпен ғана кіре алмақ. Украина территориясына кірудің жаңа тәртібі туралы кеше Украина президенті Петр Порошенко мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай шаралар "терроризммен күресті күшейту үшін" керек.

Турчиновтың айтуынша, биометриялық мәліметтер ең алдымен ресейліктерден алынады. Ол бұл шара Кремль тарапынан Украинаға жасалып жатқан агрессияға жауап екенін айтады.

ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясы кеше Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын қалпына келтіруді қолдайтын қарар қабылдаған. Ассамблея қарарында Ресейді ырымды оккупациялауын тоқтатып, Украина шығысындағы "террорлық іс-әрекеттерді" қаржыландыруын тоқтатуға шақырған. ЕҚЫҰ бұдан бөлек Кремльден Донбастан қарулы құрылымдарын әкетуді де талап еткен.