АҚШ президенті әкімшілігі Ресей мен Иранға жаңа санкциялар салуды қолдайды. Бірақ қазір конгресте қаралып жатқан заң жобасы президенттің санкция салуға қатысты құзыретін шектейді деп мәлімдеді Ақ үйдің заңнама мәселелері бойынша өкілі Марк Шорт журналистерге.
Оның сөзінше, АҚШ сенаты өткен айда мақұлдаған заң жобасында сыртқы саяси мәселелер бойынша өкілеттіктерді конгрестің 585 мүшесіне беру қарастырылған. АҚШ президенті санкцияны жою, я жеңілдету шешімін қабылдайтын болса, онда конгрестің мақұлдауын алуы керек болады.
АҚШ сенаты14 маусымда Ресейге қарсы АҚШ-та 2016 жылы қарашада өткен президент сайлауы барысына киліккені, Сирия мен Украинадағы саясаты үшін санкцияны кеңейту жөніндегі заң жобасын мақұлдаған.
Жаңа санкциялар Ресейдің барлау және қорғаныс ведомстволарының қызметкерлеріне қарсы салынбақ. Сонымен қатар Ресейдің энергетика, теміржол және өңдеу өнеркәсібі салаларына да санкция салынуы мүмкін.
АҚШ-тың мұнай және энергетика салаларындағы бірқатар компаниялары Ресейге қарсы санкцияларды күшейтетін заң жобасын сынайды. Олардың пікірінше, бұл шаралар америкалық компаниялардың әлемдегі рөлін әлсіретіп, бәсекелестері ықпалының артуына мүмкіндік береді.