Бейсенбі, шілденің 13-іне Алматы қаласының бір топ тұрғыны Алматы қалалық прокуратурасы алдына жиналып, прокуратура қызметіне наразылығын білдірді.
Қолдарына қала прокуроры "Ғабит Миразов қызметінен кетсін", "Бас прокуратурадан жедел тергеу тобын күтеміз" деген ұран жазылған плакат ұстаған он беске жуық тұрғын әртүрлі арыз-шағымдарына "қала прокуратурасы жауап бергісі келмейтінін" айтады.
Тұрғындардың айтуынша, Алматы қалалық прокуратурасы наразылық білдірушілерді маусым айында бірге қабылдап, мәселелерін қарауға уәде берген. Бірақ кейіннен айнып, әрқайсысын жеке-жеке қабылдамақ болғанымен, оны да орындамаған.
Наразылық білдірушілердің прокуратураға шағымдары әртүрлі. Кейбірі заңды пәтерін қайтарып ала алмай жүргенін айтса, кейбірі "баласын өлтірген қылмыскерді бірнеше түрмеге ауыстырып, ақыры Ресейге тапсырды, шын мәнінде қылмыскер бостандыққа шығып кетті" деп есептейді.
Наразылық білдірушілердің талабын тыңдауға шыққан прокуратура қызметкерлерінің бірі "акцияның заңсыз екенін" ескертіп, прокуратура ғимаратының ішіне кіріп сөйлесуге шақырған. Алайда "ғимарат ішіне кірсек топты бөліп тастайды" деп қауіптенген тұрғындар прокурор ұсынысынан бас тартып, қала прокуроры Ғабит Миразовтың шығуын талап етті.
Ғабит Миразов биыл ақпан айында Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалған.
Талабы орындалмаған наразылық білдірушілер қалалық прокуратура алдына жарты сағаттан астам тұрып, тарқады.
Наразылық білдірушілердің арасында өздерін "Әділет" қоғамдық ұйымының мүшесіміз деп таныстырушылар да болды. Бұл ұйымның мүшелері мен әрқилы әлеуметтік наразылығын білдіруші тағы да бір топ тұрғын "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы ғимаратына барып, наразылық акциясын жиі өткізетіні байқалады.