Диссидент, Нобель сыйлығының лауреаты Лю Сяобо қайтыс болды

Демократияшыл белсенділер Гонконгтегі Қытаймен байланыс орнату орталығының алдына диссидент Лю Сяобоның қазасын жоқтап, оның суреті жанына гүл қойып жатыр. 13 шілде 2017 жыл.

Қытайда 61 жасында диссидент, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Лю Сяобо қайтыс болды. Бірер күн бұрын оның тыныс алу қызметі бұзылғаны хабарланған еді. Дәрігерлер оны хал үстінде жатыр деген, ал туыстары оны жасанды жолмен дем алдыру аппаратына жатқызудан бас тартқан.

Бір ай бұрын түрмеде жатқан Лю Сяобоның бауыр қатерлі ісігіне шалдыққаны анықталып, оны ауруханаға шығарған болатын.

Өткен аптада Қытайға барып, Сяобоны қараған шетелдік дәрігерлер оны шетелде емдету үшін ұшақпен алып жүруге болады деген. Бірақ Қытай үкіметі оған рұқсат беруден бас тартқан.

Құқық қорғаушы, 1989 жылы Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында демократиялық өзгерістерді қолдайтын шерулерге қатысқан Лю Сяобо 2009 жылы "Хартия-08" манифестін жасасқаны үшін "мемлекетке қарсы әрекеттер жасады" деп айыпталып, 11 жылға сотталған болатын.

Лю Сяобо 2010 жылы "реформаны бұлжытпай және бейбіт насихаттағаны үшін" бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген. Бірақ ол түрмеде отырғандықтан Ослода өткен марапаттау салтанатына бара алмады, туыстарына да ол сыйлықты алуға рұқсат берілмеді.