Ресейлік адвокат Наталья Весельницкая өткен жылы жазда АҚШ президентінің ұлы кіші Дональд Трамппен кездескен кезде оған Hermitage Capital инвестициялық қорының басшысы Уильям Браудерге қатысты өзі жүргізген тексеру қорытындысын бермекші болған. Бұл туралы америкалық The Wall Street Journal (WSJ) басылымы хабарлады.
Весельницкая мен кіші Трамптың 2016 жылғы жазда кездескені туралы көпшілікке осы жақында, шілденің 10-ы күні ғана мәлім болған.
Өткен сейсенбіде президент Трамптың ұлы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында британдық продюсер Роберт Голдстоунмен бір-біріне жазысқан электронды хаттарының скриншотын жариялады. Онда ресейлік адвокаттың кіші Трампқа сол уақытта АҚШ президенті сайлауына түсіп жатқан үлкен Дональд Трамптың саяси бәсекелесі Хиллари Клинтонға қатысты компромат беруі мүмкін екені туралы айтылған.
Весельницкаяның қолында "Сергей Магнитскийдің ісіне" қатысты мәліметтер болған. Ресейдегі ірі коррупциялық мәміле схемасын әшкерелеген аудитор Сергей Магнитский тағылған айып бойынша тергеу абақтысында отырған кезде - 2009 жылы Мәскеуде қайтыс болған. Ақпарат құралдарының жазуынша, Магнитский түрмедегі ұрып-соғу және медициналық салғырттық кесірінен көз жұмған. АҚШ конгресі "Магнитский заңын" қабылдап, Мәскеуге қарсы санкциялар енгізді. Ресейлік адвокат Весельницкая Магнитскийдің әріптесі Уильям Браудерге қатысты компроматты Трампқа президенттік кампаниясына жәрдемдесу үшін бермекші болған. Трамптың бәсекелесі Хиллари Клинтон Ресейге қарсы салынған санкцияларға қолдау білдіргендіктен, коррупцияға қатысы бар ресейлік шенеуніктер сайлауда Трамптың жеңіске жеткенін қалаған деп жазады америкалық баспасөз.