Ақтөбеде көлік қаққан жігіт ауруханадан шықты

Ақтөбедегі тұңғыш президент атындағы саябақ жанындағы көлік апаты болған жер. 8 шілде 2017 жыл.

Ақтөбеде тұңғыш президент саябағы маңында көлік қаққан 19 жастағы жігіт ауруханадан шықты. Бұл туралы Азаттыққа облыстық жедел жәрдем ауруханасың бас дәрігер Рахымжан Арыстанов хабарлады.

"Зардап шеккен жаяу жүргінші жігіт Қостанайда тұрады. Ата-анасы сенбі күні ауруханадан шығарып алып кетті. Жігіттің жағдайы жақсы" деді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, апатқа ұшыраған көлік тізгінінде болған 18 жастағы қыз әлі жедел жәрдем ауруханасының травмотология бөлімінде жатыр. Жағдайы бір қалыпты.

7 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 21.30 шамасында Ақтөбедегі тұңғыш президент атындағы орталық саябақ маңынан өтетін жолдан шығып кеткен жеңіл автокөлік екі жаяу жүргіншіні қағып, аударылып қалған. Көлік қаққан 19 жастағы қыз оқиға орнында мерт болған, ауыр жарақат алған жас жігітті жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізген.

Көлік апатының себебін полиция анықтап жатыр.