«Ақтөбе» футбол клубының экс-директоры бостандыққа шықты

«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев. Ақтөбе, 11 қараша 2016 жыл.

"Ақтөбе" футбол клубының бұрынғы бас директоры, биыл мамыр айында 8 жылға бас бостандығынан айырылған Дмитрий Васильев бостандыққа шықты деп хабарлады адвокат Күләш Манько.

Адвокаттың мәліметінше, Дмитрий Васильевтің жазасы осы аптада 7 жылдық бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған.

«Ақтөбе» футбол клубына жетекшілік еткен кезінде бюджеттің 240 миллион теңгесін талан-таражға салды» деп айыпталған Дмитрий Васильев 2016 жылы 8 қараша күні ұсталған. Сол кезде оған қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-пункті бойынша айып тағылды. 2016 жылғы 11 қарашадан бері үйқамақта отырған "Ақтөбенің" экс-директоры биыл 26 мамыр күні сот залынан қамауға алынған.

Бұл іс бойынша қамауға алынған тағы бір адам - «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ескендірбек Маханов қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылған еді. Маханов 2016 жылы қарашаның 28-і қамауға алынған. Тергеу оған қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-пункті («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу»), 28-бабының 5-бөлімі («Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушы») және 362-бабы 4-бөлімінің 3-пункті («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша айып таққан.

Сотта Ескендірбек Маxановты қорғаған адвокат Күләш Манько оның жазасы өзгеріссіз қалғанын айтады. "Ешкім ештеңе түсінбей қалды. Тіпті прокурорлар да аң-таң. Васильев - бостандықта. Маxанов - түрмеде" дейді адвокат.