Киев: Шығыс Украинада Агеевпен бірге 14 ресейлік соғысқан

Ресейлік Виктор Агеев. ("1+1" телеарнасы хабарынан скриншот.)

Маусым айында Украинаның шығысында ұсталған ресейлік әскери Виктор Агеев өзін-өзі жариялап алған «Луганск халық республикасы» аумағында өзімен бірге Ресейдің тағы 14 азаматы ұрысқа қатысқаны және олар әлі күнге дейін соғысып жүрген болуы мүмкін екені жайлы айтқан.

Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, Киевте Украина қауіпсіздік қызметінің төрағасы Василий Грицактың брифингі кезінде Агеевтің украин арнайы қызметінің кеңесшісі Юрий Тандитпен әңгімесінің видеосы көрсетілген. Онда Агеев «ЛХР» 2-армиялық корпусының 4-бригадасындағы бірнеше ресейліктің аты-жөні мен байланысқа шығатын лақап есімдерін атаған.

Грицактың мәлімдеуінше, Агеевтің іс-әрекеттері «терроризм» деп бағаланады. Ол Луганск облысының Старобельск елдімекеніне ұлымен кездесу үшін барған ресейлік азаматтың анасы Светлана Агееваны Ресей президентінен «Ресей мен Донбастағы кепілге алынған барлық украиналықтарды босатуын сұрауға» шақырды. Украина қауіпсіздік қызметінің мәліметі бойынша, ресейлік сепаратистер қолында қазір 134 украиналық бар.

Маусымның 24-і күні Луганск облысы Желобок селосы маңында Украина қарулы күштерінің 93-бригадасы сарбаздары екі ресейлік әскери қызметкерді өлтіріп, тағы төртеуін қолға түсірген. Тұтқынға алынғандар арасында Ресейдің Алтай өлкесінің 22 жастағы тұрғыны Виктор Агеев те бар.

Кейін «1+1 телеарнасына» Агеев Ресей қарулы күштерінің 65246-әскери бөлімінде қызмет атқару туралы Ростов қаласында келісімшартқа отырғаннан кейін Донбасқа жіберілгені туралы айтқан (Новочеркасск қаласында орналасқан Ресей әуе-ғарыш күштерінің оқу орталығы мен байланыс полкі. – Азаттық.)

Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, 2016 жылғы мамырда мерзімді әскери борышын өтеп болғаннан кейін запасқа шығарылған Агеев келісімшарт бойынша әскери қызмет атқармаған.