Атамбаев қырғыз-түрік лицейлерінің жабылмайтынын айтты

Алмазбек Атамбаев Шолпан Атадағы баспасөз мәслихатында. 24 шілде 2017 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Шолпан Атадағы баспасөз мәслихатында елдегі түркиялық "Сапат" (бұрынғы - "Себат") оқу орындары өз жұмысын жалғастыра береді деп мәлімдеді. Атамбаев айтуынша, мұнда білім сапасы жақсы, сондықтан Қырғызстан оны жабудан бас тартты"

- Түркияның Қырғызстандағы елшісі Қырғызстанда 3500 "гүленші" бар депті. Олар Қырғызстандағы "гүленшілер" "Сапатта" жұмыс істейді деп ойласа керек. Бірақ бұл шындыққа сай келмейді, - деді Атамбаев.

"Сапат" - Қырғызстандағы халықаралық білім беру қоры. Бұл қорға қырғыз-түрік лицейлері кіреді.

Анкара екі жылдан бері Астанадан да «гүленшіл» оқу орындарды жабуды сұрап келеді. 2014 жылы сәуірде Қазақстанның білім және ғылым министрлігі «қазақ-түрік лицейлері жабылмайды» деп мәлімдеген. Кейін бұл лицейлердің атауы "білім-инновациялық лицейі" (БИЛ) деп өзгерді.