Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясына биыл күзге белгіленген ел президенті сайлауына қатысуға ниет білдірген тағы екі азаматтан өтініштер түскен.
Қырғыз президенті сайлауына кандидат болып қатысуға Темиркул Омуралиев пен Қырғызстандағы өнеркәсіп, ауылшаруашылығы қызметкерлері мен аз қамтылған отбасылардың мүддесін қорғау партиясының жетекшісі Акбаралы Айтикеев өтініш берген. Бұл екеуі де президенттікке өзін-өзі ұсынып отыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Шілденің 28-індегі мәлімет бойынша, Қырғызстан президенті сайлауына кандидат ретінде қатысуға тілек білдіріп, өтініш берген азаматтар саны - 48 адам. Олардың арасында саясаткерлер, бизнесмендер, зейнеткерлер, сонымен бірге ресми түрде жұмыссыз болып тіркелгендер бар.
Қырғызстанда президент сайлауы биыл қазанның 15-і күні өтеді деп белгіленген. Президент сайлауына түсуге ниет білдіргендер ресми органға өтінішін тамыздың 1-іне дейін тапсыруы тиіс. Президенттікке кандидаттардың түпкілікті тізімін сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссия қыркүйектің 10-ы күні жариялайды.
Елдің қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев бұл қызметтен кетеді, Қырғызстан конституциясы бойынша, президент тек бір ғана мерзімге сайланады. Бірақ, Атамбаев президент болып тұрғанда өткен референдум нәтижесінде ел конституциясына президенттің өкілетін азайтып, премьер-министрдің құзыретін күшейтетін өзгертулер енгізілген. Саяси бәсекелестері Атамбаев мұны президент қызметінен кеткеннен кейін үкімет жетекшісі ретінде билікке қайта келу үшін жасады деп санайды.