Тиллерсон: Ресейге қарсы санкция ол елмен қатынасты жақсартуды көздейді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Ресейге қарсы жаңа санкциялар салу жайлы конгресс қабылдаған заң жобасы Вшангтон мен Мәскеу арасындағы қатынасты жақсартуға бағытталған деп санайды.

"Конгресс бірауыздан дерлік мақұлдаған санкция туралы заң жобасы америкалық халықтың Ресейден АҚШ-пен қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған қадамдар күтетінін көрсетеді. Біздің елдеріміз негізгі ғаламдық проблемаларды шешуде ынтымақтастық танытады және көп ұзамай санкцияларға қажеттілік болмайды деп үміттенеміз" делінген АҚШ мемлекеттік департаменті сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Сонымен бірге мемлекеттік хатшы "Ресей, Иран мен Солтүстік Кореяға бағытталған жолдаулардың дұрыс түсіністікпен қабылдануы үшін" АҚШ "өз достары және одақтастарымен" қоян-қолтық жұмыс істеуге ынталы екенін айтқан.

Жұма күні Ақ үй президент Дональд Трамптың Мәскеу, Тегеран және Пхеньянға қарсы санкциялар туралы АҚШ конгресі қабылдаған заң жобасына қол қоюға ниетті екені туралы хабарлаған.

Содан бірнеше сағат бұрын Мәскеу Вашингтонға Ресейдегі АҚШ елшілігі мен консулдықтарындағы дипломатиялық және техникалық қызметкерлер санын қыркүйектің 1-іне дейін 455 адамға дейін қысқарту туралы талап қойған. Сонымен бірге Ресей жағы америкалық елшіліктен тамыздың 1-інен бастап Мәскеудегі Дорожный көшесіндегі барлық қоймалар мен "Серебряный бор" саяжайын пайдалануға шектеу қойған.

Шілденің 28-і күні АҚШ сенаты Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған. Жаңа заң жобасы президентті санкцияға кез-келген елеулі өзгертулер енгізу үшін конгресті күнібұрын хабардар етуге және оны іске асыруға конгрестің келісімін алуға міндеттейді.