АҚШ вице-президенті Эстония, Грузия және Черногорияға барады

АҚШ вице-президенті Майк Пенс.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс Ресейдің саясатына байланысты алаңдаушылық танытып отырған үш елге сапарын жексенбі күні Эстониядан бастамақшы. Ақ үйдің хабарлауынша, Пенс Таллинге шілденің 30-ында келеді, одан соң Грузия мен Черногорияға барады.

АҚШ әкімшілігінің лауазымды тұлғаларының айтуынша, Пенстің сапары президент Дональд Трамптың шілденің басында Еуропаға сапарының жалғасы ретінде болмақ. Бұған дейін Трамп НАТО-ға қолдау білдіру үшін Польша мен Германияға барған, сонымен бірге ол Мәскеумен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен.

Трамп шілденің 6-сы күні Варшавада сөйлеген сөзінде АҚШ НАТО ұйымы бойынша одақтастары алдындағы міндетіне адалдығынан айнымайтыны туралы мәлімдеп, Ресейдің көршілеріне қатысты іс-әрекетін сынаған.

Эстония мен Черногория НАТО-ға мүше, ал Грузия Солтүстікатлантикалық альянсқа қосылуға үмітті. Пенс сондай-ақ осы елдердегі АҚШ инвестициясы мен саудасына қолдау білдіріп, құқықтық мемлекет, сөз бостандығы, діни төзімділіктің маңызын атап өтпек. Эстонияда Пенс премьер-министр Юрий Ратаспен, сонымен қатар Латвия және Литва жетекшілерімен кездеседі.

Тбилисиге шілденің 31-і күні баратын Пенс Кавказ елдерінің егемендігі мен территориялық тұтастығына АҚШ-тың қолдауын білдіреді. 2008 жылы Ресей армиясы Грузияға басып кіріп, осы елдің сепаратистік екі аймағы - Оңтүстік Осетия мен Абхазияға бақылау орнатқаны мәлім.

Шілденің 27-і күні Грузия президенті Георгий Маргелашвили Пенстің сапары АҚШ-тың Грузияға қолдауын көрсетеді деп мәлімдеген. Маргелашвили грузин армиясы шілденің 30-ында АҚШ және өзге де серіктес елдермен бірлескен әскери жаттығулар бастайтыны туралы хабарлаған. Пенс Грузиядағы АҚШ әскерилерімен кездеседі деп жоспарланған.

"Вице-президенттің қатысуы әңгіме әскери жаттығулар туралы ғана емес, сонымен бірге біздің құндылықтарымызды, сыртқы саясаттағы мақсаттарымызды біріктіретінімізді және бірге екенімізді паш етеді", - деген Маргелашвили.

Сапарының соңында АҚШ вице-президенті НАТО құрамына биылғы маусымда жаңадан қабылданған Черногорияға барады. Ол тамыздың 2-і күні Подгорицада Адриатикалық хартия саммитіне қатысады. Пенс АҚШ-тың Батыс Балкан елдеріне қолдауын білдіріп, аймақта саяси реформалар мен заң үстемдігі қажеттігін атап өтпек. Саммитке Албания, Босния мен Герцеговина, Хорватия, Косово, Македония, Сербия мен Словения жетекшілері де қатыспақшы.