Қазақстан мен Ресей транзиттік пойыздарды тексеру тәртібін жеңілдетті

Көрнекі сурет.

Ресей Қазақстанмен жасасқан екі ел пойыздарының жолаушыларын екінші елдің территориясына өткенде және кері қайтқанда шекаралық тексерістен босату туралы келісімді ратификациялады деп хабарлады ресейлік БАҚ.

Теміржол транспорты мекемелерінің қызметін құқықтық реттеу туралы үкіметаралық келісімге енгізілген түзетулер бойынша, Қазақстан территориясынан транзитпен Ресей территориясы арқылы Қазақстанға қайта өтетін жолаушы пойыздары Ресейде тоқтатылмайды және оларға "тексеру процедуралары, оның ішінде шекарада тексеру жүргізілмейді". Мұндай тәртіп Ресей территориясынан транзитпен шығып, Қазақстан территориясы арқылы Ресейге қайта өтетін пойыздарға қатысты да енгізілген.

Хаттама бойынша, транзиттік жолаушы я жүк пойыздары тоқтатылған жағдайда "ел аумағына кірген, немесе шыққан адамдар ғана тексеріледі".

"Ресей үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасындағы 1996 жылдың 18 қазанында жасалған теміржол транспорты мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеу ерекшеліктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" 2017 жылдың 29 шілдесінде қабылданған федералдық заң ресми құқықтық ақпарат сайтында жарияланды.

Қазақстан аталған хаттаманы 2017 жылдың 13 маусымында ратификациялаған.

Хаттама екі ел ратификация туралы грамоталар алмасқан соң күшіне енеді.