Оңтүстік Қазақстан облысында 423 мыңнан аса адам тегін медициналық көмек ала алмауы мүмкін деп мәлімдеді Шымңенттегі облыс әкімдігінде өтіп жатқан әлеуметтік саланың өзекті мәселелері туралы жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Министрдің орынбасары Біржан Бидайбекұлының айтуынша, облыста 881 мың адамның мәртебесін анықтау кезінде 423 мың 410 адамның тұрақты жұмыспен қамтылмағаны анықталды. Олардың ішінде 33 мың адам жұмыссыз, 391 мыңнан аса адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
- Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындар зейнетақы жарнасын төлемейді. Бұл азаматтар 2018 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмек ала алмайды. Сонда олар қайда барады? - деді министр Тамара Дүйсенова.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұл санаттағы азаматтар 2020 жылға дейін жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде тіркелуі тиіс, тіркелмесе тегін медициналық көмек ала алмайды.