"Астана" Чемпиондар лигасы іріктеу жарысының плей-офф кезеңіне шықты

"Легия"-"Астана" матчынан көрініс. Варшава. 2 тамыз 2017 жыл (Сурет "Астана" командасынының баспасөз қызметінен алынды).

Футболдан Қазақстан чемпионы "Астана" командасы Чемпиондар лигасы іріктеу жарысының плей-офф кезеңіне шықты. "Астана" екі матч қорытындысы бойынша Польша чемпионы "Легияны" жеңді.

Тамыздың 3-іне қараған түні Варшавада өткен матчта "Астана" 0:1 есебімен жеңілген. Ал осыдан бір апта бұрын Астанадағы ойында қазақстандық клуб 3:1 есебімен жеңіске жеткен. Қос матчтың нәтижесі 3:2 есебімен "Астананың" пайдасына шешілді.

"Астананың" плей-офф кезеңіндегі қарсыласы 4 тамыздағы жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болады. "Астана" плей-офф кезеңінен өте алмаса "Еуропа лигасының" топтық кезеңінде ойнайды.