Оңтүстік Америка елдерінің ортақ нарығы - Mercosur Венесуэлада демократиялық нормалардың бұзылуына байланысты бұл мемлекеттің ұйымға мүшелігін белгісіз мерзімге дейін тоқтатты. Бұл туралы шешімді тамыздың 5-і күні Бразилияның Сан-Паулу қаласында кездескен Аргентина, Бразилия, Парагвай және Уругвай сыртқы істер министрлері жариялады.
Mercosur ұйымы Венесуэла билігінен елде демократиялық құрылысты қалпына келтіруді, саяси тұтқындарды босатуды және "саяси жолмен билік ауыстыру" процесін бастауды талап етеді делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге Бразилия сыртқы істер министрі Алоисио Нуньестің мәлімдеуінше, Венесуэладағы гуманитарлық дағдарыстың тереңдеуіне жол бермеу мақсатында бұл санкциялар Mercosur ұйымының сауда және миграциялық саясатына әсер етпейді.
Mercosur ұйымының қабылдаған шешімі туралы белгілі болысымен Венесуэла үкіметті қолдайтын "конституциялық ассамблея" ел президенті Николас Мадуроның жүргізіп отырған саясатына қарсы шыққан бас прокурор Луиза Ортеганы отставкаға жіберді.
"Конституциялық ассамблея" жақында "сайланған". Шексіз өкілеттікке ие органды президент Мадуро өзіне оппозициядағы парламентке балама ретінде құрған. Шет мемлекеттердің үкіметтері мен халықаралық ұйымдар мұны президент тарапынан билікті узурпациялау әрекеті деп бағалаған.
Мұнай өндіру көлемі бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін Венесуэлада әлеуметтік-экономикалық дағдарыс барған сайын дендеп барады: елде азық-түлік тауарлары мен дәрі-дәрмек тапшы, баға тез өсіп жатыр, жергілікті валютаның бағамы қатты құнсызданып кетті.
Соңғы төрт айда Венесуэлада қақтығыстар салдарынан 120 адам мерт болған.