Ауғанстанда ИМ 50-дей бейбіт адамды өлтірген

Ауғанстанның Сари-Пул уәлаятындағы қауіпсіздік күштері (Көрнекі сурет).

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы мен "Талибан" қозғалысының содырлары Ауғанстанның солтүстігіндегі Сари-Пул уәлаятында 50-ге жуық адамды өлтірді" деп хабарлады уәлаят губернаторы Мұхаммад Захир.

Оның айтуынша, шабуыл 3 тамыз күні кешке басталған. Содырлар Мирзо Оланг ауданына жақын маңда қауіпсіздік күштерінің бекетіне шабуылдаған. Ұрыс шамамен екі тәулікке созылды. Атыстан жеті полиция қызметкері және ауған әскерінің бір сарбазы қаза тапты.

"Содырлар Мирзо Оланг ауданын басып алған соң, мұнда 40 шақты адамды өлтірді. Олардың арасында әйелдер, балалар мен қарт кісілер бар" деді ауған провинциясының басшысы Азаттықтың Ауған редакциясына.

Мұхаммад Захирдің сөзіне қарағанда, шабуыл жасағандар 30-дан астам үйді өртеп жіберген. 25 адам із-түссіз жоғалып кетті. Жергілікті билік содырлар оларды өздерімен бірге алып кеткен болуы мүмкін екенін айтады.

Сари-Пул уәлаяты шенеуніктерінің бірі Нұр Рахмони Аминердің журналистерге хабарлауынша, шабуылға талибтермен бірге ИМ содырлары да қатысқан. Талибтерді Мулло Нодир басқарған, ал ИМ содырларына Шермұхаммад Газанфар басшылық еткен. Бірақ "Талибан" кісі өлтіру қылмысына қатыспағанын, Шермұхаммад Газанфар қозғалыс құрамынан "әлдеқашан шығып кеткенін" мәлімдеді.

Уәлаят губернаторы жергілікті қарулы күштер басып алынған аудандарды қайтадан өздеріне қарату үшін Ауғанстанның орталық билігінен көмек сұрағанын айтады.