"200 мыңнан астам француз Франция президенті Эммануэль Макронның әйелі Бриджит Макронға ресми түрде елдің бірінші ханымы мәртебесін беруге қарсы петицияға қол қойды" деп хабарлады CNN. Мұндай мәртебе үшін президенттің әйеліне жалақы төленбейді, бірақ ол кеңсе ашуға, қызметкерлер ұстап, жеке бюджет иеленуге мүмкіндік береді.
Петицияны суретші Тьерри Валетт қойған. Ол Макрон сайлауалды кампаниясында жұбайының қоғамдық қызмет қана атқаратынына және ел бюджетінен ақша алмайтынына уәде бергенін еске салды. Валетт сонымен қатар Макронның жұбайында қазірдің өзінде бірнеше көмекшісі, хатшысы мен екі күзетшісі барын да айтты.
Эммануэль Макрон сайлауалды кампаниясында өзіне дейінгі президенттерді мемлекеттің бірінші ханымы мәртебесін заңмен бекітпегені үшін бірнеше рет сынаған. Оның пікірінше, бұл нәрсе президент әйелінің қажеттіліктерін өтеуге бюджет қаржысын бақылаусыз, оңды-солды жұмсауға жол ашады. Бұрынғы президент Николя Саркозидің әйеліне айына қазынадан 60 мың еуро жұмсалған.