Астанадағы "Пәтердегі көрме апталығы"
"Астана Опера" фотографы Карла Нурдың пәтеріндегі оның жұмыстары қойылған көрме.
"Қызыл Кадмий" арт-тобының көрмесі "Шай-Пай" деп аталады. Көрме шеберханасы жертөледе орналасқан. Көрмеге келген қонақтарды есік алдында арт-тобының мүшесі Бейрут Әсемқұл қарсы алды.
Жертөледегі көрме әлеуметтік проблемаға – адамдардың бір-бірінен алшақтап, жат болуы тақырыбына арналған. "Адамдар бір-біріне шай ішуге қонаққа баруды, көршісімен сөйлесуді қойды", - дейді "Қызыл Кадмий" тобының мүшелері.
"Қызыл Кадмий" арт-тобы көрмеге келушілерге самауырда қайнатылған шай ұсынды. Олар қазірде біртіндеп жоғалып бара жатқан осынау ескі дәстүрді қайта жаңғыртуға шақырады.
Суретші Гүлмира Тәтімбаева өз шығармаларының жанында көрмеге келген қонақтармен әңгімелесіп тұр.
Суретші әрі фотограф Сырлыбек Бекботаев көрме қонақтарына "Аманат" сериясындағы фотоларды туған ауылында түсіргенін, онда анасы мен туыстары бейнеленгенін айтып берді.
Тамыздың 11-і, көрменің екінші күні суретші Дина Байтасованың үйінен басталды. Қонақтар Асхат Ахмедияровтың "Жалаңаяқ суреттер" сериясындағы жұмыстарын талқылап отыр. Суретші шығармаларын аяқпен салған.
"Пәтердегі көрмелер" қонақтары Қазақстандағы қазіргі заманғы өнердің дамуы мен әлеуметік проблемалардың шығармашылықтағы ролін талқылап отыр.
Өз шеберханасында суретшілер көрмесін ұйымдастырған Дина Байтасова қонақтарға көркем жұмыстың идеясы мен оны іске асыру процесі туралы айтып тұр.
Көрме апталығының екінші күні қонақтар үшін Астанадағы қазіргі уақытта жөндеуге жабылған барлардың біріндегі Let's play деп аталатын көрмеге тегін баруға мүмкіндік туды. Фотограф, суретші әрі видеограф Әнуар Мүсіреповтің жұмыстары көрермендерге түрліше әсер етті.
Асхат Ахмедияров пен Сырлыбек Бекботаев көшеде бір-біріне түсті бояу шашып, перформанс көрсетіп жатыр.
Айгүл Ибраева ұйымдастырған кешкі көрмеге Қазақстанның қазіргі заманғы өнер қайраткерлері туралы білуге ынтық астаналық жастар көп жиналды.