ЕҚЫҰ: Бақылаушылар Донбастан Ресей әскерін көрген

Донецк облысында украиналық әскеримен сөйлесіп тұрған ЕҚЫҰ бақылаушылары. Украина, 20 маусым 2017 жыл (Көрнекі сурет).

Донбастағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылар миссиясы басшысының бірінші орынбасары Александр Хуг бақылаушылар Украинаның шығысында Ресей әскерилерін көргенін, олар әңгімелесу кезінде өздерін ресейлік сарбаздармыз деп таныстырғаны жөнінде мәлімдеді.

Ол сонымен бірге бақылаушылардың Украинаның шығысындағы жанжал аймағында ресейлік қару-жарақты байқағандарын да айтты. "Шешім шығару біздің құзырымызда емес, біз тек көргенімізді айтамыз" деді Хуг.

Киев пен Батыс елдері Кремльді Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды. Украина Қарулы күші бас штабының мәліметі бойынша, өзін-өзі жариялаған "халықтық республикалар" жағында 40 мыңға жуық сарбаз соғысып жүр. Оның ішінде бес мыңнан астам ресейлік әскер бар. Бірақ Мәскеу мұны жоққа шығарып келеді.