Трамп Шарлотсвилдегі қақтығысқа тағы да екі тарапты айыптады

Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вирджиния штатының Шарлотсвилл қаласында оңшыл және солшыл топтар күш қолданып, кісі мерт болған қақтығыс туралы фактінің барлығы бірдей белгілі емесін мәлімдеді. Нью-Йоркте Trump Tower ғимаратының фойесінде журналистер сұрағына жауап берген Трамп 12 тамызда жасаған алғашқы комментариін қайталап, Шарлотсвилдегі зорлық-зомбылыққа "бірнеше тарапты" бірдей кінәлады. 14 тамызда президент зорлық-зомбылыққа неонацистік топтарды айыптаған еді.

"Олар бір-бірімен дубинкамен қақтығысты ... оқиғаны көзбен көру сұмдық" деді Трамп Ақ үйдің инфрақұрылымға қатысты саясатына арналған баспасөз конференциясында. Президент солшыл демонстранттар "өге демонстранттар тобына шабуылдағанын" айтып, олардың барлығы бірдей неонацист немесе ақ нәсілділердің артықшылығын жақтайтындар емесін жеткізді.

Бұған дейін Трамп Шарлотсвилдегі оқиғаларға қатысты алғашқы реакциясына байланысты демократтар мен өзінің Республикашыл партиясы өкілдерінің сынына ұшыраған.

Шарлотсвилдегі қақтығыстардан ондаған адам жараланып, 35 жастағы бір әйел қаза тапқан. Әйел демонстранттарға неонацизмнің жақтасы, 20 жастағы жігіт көлігімен келіп таптап өткенде мерт болған. Осы оқиғалар кезінде полиция тікұшағы апатқа ұшырап, екі полиция қызметкері қаза тапқан.

Әсіре оңшыл белсенділердің демонстрациясына қала билігінің АҚШ-тағы Азамат соғысы кезінде Конфедерация күштерін басқарған генерал Роберт Лидің ескерткішін сүру шешімі түрткі болды. Конфедерация күштері АҚШ-тағы құл иеленушілікті сақтап қалу үшін соғысқан. Әсіре оңшылдардың қарсыластары да қала орталығына жиналып, екі арада қақтығыс болған.