Сергей Кулагиннің ұлы Алматыда аудан әкімі болды

Сергей Кулагин, Алматының Түрксіб ауданына әкім болып тағайындалған Павел Кулагиннің әкесі, Ақмола облысының бұрынғы әкімі.

Ақмола облысының бұрынғы әкімі Сергей Кулагиннің ұлы Павел Кулагин Алматының Түрксіб ауданының әкімі болып тағайындалды. 31 жастағы Павел Кулагин бұған дейін президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, Астанада аудан әкімі болған, оның алдында Қостанай облыстық әкімдігінде лауазымды қызмет атқарған.

Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, жаңа әкімді Алматы әкімі Бауыржан Байбек таныстырған. Түрксіб ауданын осыған дейін 10 жыл бойы басқарған Владимир Устюговтың қандай қызметке ауысқаны айтылмайды.

Павел Кулагиннің әкесі Сергей Кулагин биыл наурызға дейін Ақмола облысын басқарған. Көктемде бұл қызметке президенттің іс басқарушысының бұрынғы орынбасары Мәлік Мырзалин тағайындалған.

Павел Кулагин 26 жасында Астананың Алматы ауданының әкімі болып тағайындалған. Сергей Кулагин 2013 жылы журналистердің "Ұлыңыз тым ерте аудан әкімі болды деп санамайсыз ба?" деген сұрағына "Ерте емес, талпына берсін" деп жауап берген. Бірақ Павел Кулагин жарты жылға жетпей тест нәтижесі бойынша "А" корпусына кадрлық резервке іріктеуден өтпей қалып, бұл қызметінен кеткен. Бірақ 2015 жылы ол бұл резервке қайта еніп, коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы болған.