Пентагон: Ауғанстанға қатысты жаңа стратегия қабылданды

Джеймс Мэттис, АҚШ қорғаныс министрі.

АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис президент Дональд Трамп "жоғары шенді әскерилермен "қызу талқылаудан соң" Ауғанстанға қатысты жаңа стратегияны қабылдауға келіскенін растады. Бірақ ол жаңа стратегияға қатысты егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.

20 тамызда Иорданияға сапарында журналистер алдында сөйлеген Мэттис талқыда барлық тараптардың, оның ішінде бюджетті өзгертуге қатысы бар шенеуніктердің де "пікірі тыңдалғанын" айтты. Мэттис жаңа түзілген стратегияға көңілі толатынын айтып, "стратегиялық процестің айтарлықтай қатаң болғанын" жеткізді. "Президент шешім қабылдады. Ол бұл туралы америкалықтарға өзі хабарлағысы келетінін айтты" деді министр Мэттис.

Бұған дейін Ақ үй Трамп 21 тамызда америкалықтарға жолдау жасап, АҚШ-тың Ауғанстан мен Оңтүстік Азия аймағына қатысты саясатын түсіндіретіні туралы хабарлаған. Ақ үй ақпаратында Трамптың Вашингтон түбіндегі Фот-Майер базасында сөйлейтіні, үндеу жергілікті уақыт бойынша сағат 21-де телеарнадан трансляцияланатыны айтылған.

Америкалық саясаткерлер АҚШ-тың Ауғанстанға қатысты стратегиясы бойынша бұл елден әскерді толық әкетуден бастап ауған үкіметі күштеріне қарсы әрекет етіп жатқан "Талибан" қозғалысын толық жою үшін әскерді көбейтуге дейінгі түрлі ұсыныстар білдірген.