АҚШ пен Оңтүстік Корея біріккен әскери жаттығу бастады

АҚШ-пен біріккен Ulchi Freedom Guardian жаттығуына қатысып жатқан оңтүстік кореялық сарбаздар. 19 тамыз 2017 жыл.

АҚШ пен Оңтүстік Корея 21 тамызда жыл сайын өткізетін біріккен әскери жаттығуын бастады. Ulchi Freedom Guardian деп аталатын, 11 күнге созылатын жаттығуда әскерилер компьютерлік симуляция арқылы Корей түбегінде соғыс бола қалған жағдайдағы іс-қимылдарды машықтан өткізеді.

Жаттығуға АҚШ-тан 17500, Оңтүстік Кореядан 50 мыңға тарта әскери қызметкер қатысып жатыр. Жаттығуға сонымен қатар Австралия, Канада, Колумбия, Дания, Жаңа Зеландия, Нидерланд және Ұлыбританиядан әскерилер қатысады.

Әскери жаттығу аймақта шиеленіс күшейген тұста өткізіліп жатыр. Пхеньян жаттығуды Солтүстік Кореяға басып кіруге дайындық деп санайды. Вашингтон мен Сеул жаттығу қорғану мақсатында өткізілетінін және Пхеньянды тежеуге көмектесетінін айтады.

Солтүстік Кореяның зымыран бағдарламасына қатысты кикілжің Пхеньян ядролық оқтұмсық жасағаны туралы мәлімдеген соң ушыққан. АҚШ президенті Дональд Трамп Пхеньян доқ көрсетуін доғармаса Солтүстік Кореяға "отты қаһармен" жауап беретінін ескерткен. Пхеньян бұған жауап ретінде Тынық мұхитындағы АҚШ-тың Гуам әскери базасын зымырмен атқылайтынын мәлімдеген.