Алматыда өтіп жатқан сотта қамаудағы журналист Жанболат Мамайдың адвокаттары сотқа оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов пен журналист Ермұрат Бәпиді куәгер ретінде шақыртуды сұрады. Адвокаттар сонымен қатар бұған дейінгі сотта жауап берген куәгер Жақсылық Жарымбетовті де "туындаған кейбір сауалдарға қосымша жауап алу үшін" сотқа шақыртуды сұрады. Жарымбетов бұған дейінгі сотта 2011-2015 жылдары Мамайға "Мұхтар Әблязовтан алған 110 мың АҚШ долларын бергенін" мәлімдеген.
Адвокат Жанар Балғабаева Қосановтың Жанболат Мамай бас редакторы болған "Трибуна. Саяси қалам" газетінде мақалалары жарияланғанын, газеттің белсенді авторы болғанын, ал Ермұрат Бәпи оппозициялық "ДАТ" басылымының редакторы болғанын айтты. Адвокаттың сөзінше, олар Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-тың қандай қиындықтар көріп жатқанын айтып бере алады.
Жанболат Мамай адвокаттарының талап-арызын қолдайтынын білдірді.
Прокурор Жарымбетовтің өткен сотта "жеткілікті жауап бергенін" және "адвокаттардың Жарымбетовті тағы да жауап беруге шақыртқандағы уәжі әлсіз" екенін айтты. Прокурор сонымен қатар Қосанов пен Бәпидің іс бойынша куәгер саналмайтынын және оларды шақыртуға "салмақты негіз жоғын" айтып, адвокаттардың талап-арызын қанағаттандырмауды сұрады.
Жәбірленуші тарап өкілі де прокуратураны қолдады.
Жанболат Мамайдың сотынан трансляция:
Судья Дәурен Мәукеев Жарымбетовті сотқа шақырту өтінішін қабыл алды. Ал Қосанов пен Бәпиді шақырту өтінішіне қатысты шешім шығару үшін талап-арызды негіздеп, өтінішті жазбаша түрде білдіруді сұрады.
Мамайдың ісі бойынша сот өткен аптада басталған. Алғашқы сотта Жарымбетов Қазақстанда тұратын қарындасынан Мамайға әуелде Әблязовтің нұсқауы бойынша, ал кейін Әблязовпен қарым-қатынасын үзген соң өз ниетімен тәуелсіз газетті шығаруға ақша апарып беруді сұрағанын айтқан.
Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Тергеу ұйғарымынша, Мамайдың БТА Банкінің бқрынғы басқарма төрағасы, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов "жымқырған" қаржыны жылыстатуға қатысы бар. Мамай Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады және айыптың саяси астары бар дейді.