Ақордада пикет өткізген зейнеткер мен ұлын ұстады

Азаматтық белсенді Раиса Дүйсембаева Ақорда алдында наразылық пикетін өткізіп тұр. Астана, 24 тамыз 2017 жыл.

Астанада бүгін Ақорда мен Жоғарғы сотқа қарама-қарсы орналасқан министрліктер үйінде азаматтық белсенді, зейнеткер Раиса Дүйсембаева мен оның ұлы тұтқындалды. Зейнеткер мемлекеттік Ақорда маңына киімінің сыртынан қазақстандық саяси тұтқындар мен Жаңаөзендегі оқиғаның суреттері салынған плакат киіп шықты. Раиса Дүйсембаеваның ұлы Талғат ол пикет өткізгенде жанында болды.

- Мен ар-ұждан тұтқындары ешқандай дәлелсіз қамауда отырғанына қарсы болғандықтан плакат киіп шықтым. Мысалы, Жанболат Мамай (Алматыда "БТА Банк қаржысын жылыстату" айыбы бойынша сотталып жатыр - Ред.) не үшін отыр? Айыбы дәлелденбеген Арон Атабек (Шаңырақ оқиғасы ісі бойынша сотталған - Ред.) не үшін отыр? Макс Боқаев, Талғат Аян ("жер мәселесі" бойынша митингілерден кейін сотталған атыраулық белсенділер - Ред.) неге қамауда? Олар өз пікірлерін айтқысы келген, оларды бес жылға соттады. Мен Қазақстанда әділеттіліктің жоғына қарсымын. Қазақстанда барлығынан билікке Назарбаевты отырғызып қойғанымыз үшін кешірім сұраймын, - деді Раиса Дүйсембаева.

Белсенді Азаттыққа комментарий берген соң оған полиция қызметкерлері барып, үстінен плакатын жыртып алды. Зейнеткер мен оның ұлы тұрған орнынан кетпек болған, бірақ полицияның үш арнайы жасағы олардың кетуіне мүмкіндік бермеді. Полицейлердің бірі Азаттық тілшісінің видео түсіруіне кедергі жасамақ болып, түсірілімді тоқтатуды талап етті. Полицей операторға "камерасын сындыратынын" айтып доқ көрсетті.

Кейін автозак келіп, зейнеткерді ұлымен бірге күштеп салып алып кетті. Кейін Азаттықтың Астанадағы кеңсесіне полиция қызметкерлері келіп, біреуі "орталық аппаратта" жұмыс істейтінін айтып, Раиса Дүйсембаеваның не себепті пикетке шыққанын сұрады.

Раиса Дүйсембаеваның пикеті

Your browser doesn’t support HTML5

Ақорда жанындағы пикет