Полиция Ақорда алдында пикет өткізген белсендіні босатты

Азаматтық белсенді Раиса Дүйсембаева Ақорда алдында наразылық пикетін өткізіп тұр. Астана, 24 тамыз 2017 жыл.

Ақорда алдында бүгін наразылық танытқан белсенді зейнеткер Раиса Дүйсембаеваны полиция бөлімінде бірер сағат ұстап, босатты. Зейнеткер мен оның ұлы Талғатты Ақорда алдынан полиция автозакқа күштеп отырғызып алып кеткен болатын. Олар полиция бөлімінде үш сағат отырып, босап шықты.

Раиса Дүйсембаева Азаттыққа телефон арқылы өзі мен ұлына "плакатпен шығуға болмайтыны" туралы ауызша ескерту жасағанын айтты. Оның сөзінше, олардан ешқандай түсініктеме жаздырып алмаған.

Бүгін түске дейін Раиса Дүйсембаева Ақорда маңына киімінің сыртынан қазақстандық саяси тұтқындар мен Жаңаөзендегі оқиғаның суреттері салынған плакат киіп шыққан. Раиса Дүйсембаеваның ұлы Талғат ол пикет өткізгенде видеоға түсіріп тұрған.

Раиса Дүйсембаева Азаттыққа жалғыз кісілік пикетке Қазақстандағы саяси тұтқындарды қолдап шыққанын айтты. Оқиға орнына барған полиция арнайы жасағының сарбаздары зейнеткердің плакатын жыртып, кейін ұлымен қосып ұстап, Есіл аудандық №13 полиция бөліміне алып кеткен. Полицейлердің бірі Азаттық тілшісінің зейнеткер мен оның ұлын ұстау сәтін видеоға түсіруге кедергі жасамақ болып, түсірілімді тоқтатуды талап етті.

Есіл аудандық №13 полиция бөлімі мен Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі телефон қоңырауына жауап бермеді.

Раиса Дүйсембаеваның пикеті

Your browser doesn’t support HTML5

Ақорда жанындағы пикет