Молдованың жікшіл Приднестровье аймағынан Ресей әскерін шығару туралы Кишиневтің бастамасына байланысты Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеудегі Молдова елшісі Андрей Негуцаны шақыртқан.
Ресей СІМ сайтындағы ресми ақпаратта аталған аймақтан ресейлік әскерилерді шығару Ресей-Молдова қарым-қатынасына және Приднестровьедегі ахуалды реттеуге теріс ықпал ететіні айтылған.
Бұған дейін Молдованың БҰҰ Бас ассамблеясының қыркүйекте болатын сессиясында жікшіл Приднестровье аймағынан Ресей әскерін шығару мәселесін талқылау туралы өтініш жасағаны хабарланған. Молдовалық дипломаттар аталған аймақта ресейлік әскердің болуы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр деп санайды. Ресей Молдованың ұсынысын қабылдаудан бас тартқан.
Шілде айында Молдова парламенті Приднестровьеден Ресей әскерін шығару туралы мәлімдеме қабылдаған. Молдованың ресейшіл президенті Игорь Додон парламент депутаттарының мәлімдемесін "арандату" деп атаған.
Орыстілді тұрғындар басым тұратын Приднестровье аймағы 1990 жылы Молдовадан «тәуелсіздігін» жариялаған. Халықаралық қауымдастық жікшіл аймақты Молдованың бөлігі деп санайды. Ресей Приднестровьедегі әскерін "бітімгершілік мақсатпен" ұстап отырғанын айтады.
1999 жылы Мәскеу 2002 жылға дейін жікшіл аймақтан әскерін шығаруға келіскен. Бірақ Ресей Молдова үкіметінің бірнеше рет қойған талабына қарамастан ол келісімді орындамай отыр.