Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылынан 6-7 шақырым жерге 31 тамыз күні түс шамасында МИ-8 тікұшағы құлады.
Бұл туралы Азаттық тілшісіне Бегімбет ауылдық округінің әкімі Әліби Саттықов хабарлады.
Ауыл әкімнің сөзіне қарағанда, апатқа ұшыраған тікұшақтың бортында экипаж мүшелерімен қоса есептегенде төрт адам болған.
- Бегімбеттегі дәрігерлік амбулаторияда оларға алғашқы көмек көрсетілді. Адамдар аман, - дейді Әліби Саттықов.
Ауыл әкімі тікұшақтың Шалқар ауданындағы тағы бір елді-мекен Бозойдан ұшып шыққанын ғана біледі. Көп ұзамай Бегімбетке ұшып жеткен тағы бір тікұшақ МИ-8 бортында болған төрт адамды облыс орталығына алып кеткен.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әсет Қалиев облыс орталығындағы медицина мекемелеріне тікұшақ апатынан зардап шегушілердің жеткізілмегенін айтты.