Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп телефонмен сөйлесті деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Қазақстан президенті әкімшілігінің ресми хабарламасында әңгіме АҚШ жағының бастамасы бойынша өткені айтылған.
Жұма күні болған әңгімеде президенттер екі елдің қарым-қатынасы мен аймақтық мәселелерді талқылаған.
АҚШ президенті әкімшілігінің хабарлауынша, телефон арқылы әңгімеде Назарбаев Трамптың АҚШ-тың Ауғанстандағы Талибан және өзге де экстермистік топтарға қарсы күресті күшейтетіні туралы стратегиясына қолдау білдірген.
Ақ үй хабарламасында Трамптың Назарбаевты Астанада өтіп жатқан EXPO-2017 көрмесіне байланысты құттықтағаны айтылған.
Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев пен Трамп екі елдің қарым-қатынасының жағдайы мен оның даму перспективаларын талқылап, екіжақты сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылды нығайту туралы уағдаласқан. Әңгіме кезінде Назарбаев осы аптада Өскеменде халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) аясында ашылған әлсіз байытылған уран банкінің жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы маңыздылығына назар аударған.
Ақорданың хабарлауынша, "Қазақстан президенті Вашингтон мен Мәскеу арасындағы диалогтың жақсаратынына сенім білдірген".
"Трамп Назарбаевты Вашингтонға ресми сапармен келуге шақырды" деп хабарлайды Ақорда.
Ақ үйдің хабарламасында шақырту туралы ештеңе айтылмаған.