Астанада үкімет ғимараттары орналасқан жерге жақын маңда жаңадан салынып жатқан "Абу Даби Плаза" кешені аумағында сенбінің кешінде болған қақтығысқа 30 шақты адам - Үндістан азаматтары мен жергілікті тұрғындар қатысқан. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Алмас Сәдубаевтың Азаттыққа хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша сағат 20:35 шамасында "Абу Даби Плаза" нысаны күзетшісінің құрылыс аумағынан шетелдік азаматты сыртқа шығармай қоюы жанжалға себеп болған.
"Масаң шетелдік азамат отандастарын шақырып, күзетшіні соққыға жыққан. Жергілікті жұмысшылар күзетшіге болысып, оның соңы төбелеске ұласқан. Жанжалға отызға жуық адам қатысқан", - деп хабарлады Алмас Сәдубаев.
Ішкі істер министрлігі өкілі оқиға барысында екі адамның жеңіл жарақат алғанын хабарлады, бірақ олардың қай елдің азаматы екені туралы ақпарат берген жоқ. Баспасөз хатшысы екі адамнан өзге "ешкімнің зардап шекпегенін және қаза таппағанын" айтты.
Оқиға орнына Қазақстандағы Үндістан елшісі, жергілікті билік пен құрылыс компаниясы өкілдері барған. Әлеуметтік желілерде "Абу Даби Плаза" кешені құрылысы маңында топталған адамдар және полиция жасағы мен көліктері бейнеленген видеолар жарияланды.
Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев оқиғаны "тұрмыстық дәрежедегі жанжал" деп сипаттаған.
Ішкі істер министрлігі "жағдайдың қалыпты және полицияның бақылауында" екенін хабарлап, тұрғындарды "орынсыз әрекеттерге бармауға, қауесетке ермеуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға" шақырған.
Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болады деп саналатын "Абу-Даби Плаза" көпфункционалды кешенінің құрылысы 2010 жылы басталған. 2017 жылы аяқталады деп жоспарланған құрылыс нысанында бұған дейін бірнеше рет өрт оқиғасы тіркелген.