Ресей Вашингтондағы сауда өкілдігі ғимаратын босатқан

Вашингтондағы жабылған ресейлік өкілдік. 31 тамыз 2017 жыл.

Вашингтондағы Ресей сауда өкілдігінің қызметкерлері жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00-де ғимараттан шығып кетті деп хабарлады ВВС. Олар шыққаннан кейін ғимаратқа жиырмаға жуық полиция өкілдері кірген. Көп ұзамай олардың көбі ғимараттан кеткен.

Ресейлік дипломаттар АҚШ билігінің іс-әрекетін "тінту" деп атаған. АҚШ тарабы "тінту" жүргізілгені туралы ақпаратты растаған жоқ.

Сенбі күні Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеудегі АҚШ елшілігінің кеңесші-уәкіліне америкалық билік орындарының Вашингтондағы Ресей сауда өкілдігін тексеру жоспарына қатысты наразылық нотасын тапсырған. Ресей нотасында АҚШ тарабының іс-әрекетін "теңдесі жоқ агрессивті акция" деп атаған.

Тамыздың 31-і күні АҚШ билігі Ресейден Сан-Францискодағы бас консулдығы мен Вашингтон және Нью-Йорк қалаларындағы екі сауда өкілдігін жабуды талап еткен. Ақ үйдің мәлімдеуінше, Ресейде америкалық үш консулдық бар болғандықтан, АҚШ "тепе-теңдік" сақтау үшін өз жеріндегі ресейлік төрт консулдықтың санын соған сәйкестендірген.