Өзбекстан Орталық банкі 5 қыркүйекте ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты бағамын 8100 сумға теңестірді. Бұл өткен аптадағы бағамнан 3889,65 сумға көп (4210,35 сум).
Өзбекстан Орталық банкі сумның басқа шетел валюталарына қатысты бағамын да девальвациялады.
Бір еуро бағамы 9645,48 сум болса, рубль бағамы 68,731 сумға дейін көтерілген.
"Орталық банк бағамы әрбір дүйсенбі сайын белгіленеді" делінген Орталық банк хабарламасында.
Сумның бірден девальвациялануы 2 қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "Валюта саясатын либерализациялау жөніндегі алғашқы шаралар" туралы қаулы қабылдаған соң жүргізіліп отыр. Жаңа қаулы бойынша, өзбекстандықтар 5 қыркүйектен бастап айырбас пунктеріне шетел валютасын нарық бағасы бойынша сатып, коммерциялық банктердің конверсиялық бөлімдерінен ешқандай кедергісіз сатып ала алады. Өзбекстанда ұлттық валютаны девальвациялау көп жылдан бері алғаш рет жасалып отыр.