Бейнеу тұрғыны жер мәселесіне орай митингіге шығуға арыз берді

Маңғыстау облысының картадағы орны. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысындағы Бейнеу селосының тұрғыны Ерғали Байдақов 22 қазанда жер мәселесіне қатысты бейбіт шеруге шығуға рұқсат беруді сұрап, жергілікті әкімдікке арыз жазды.

Ол бұл әрекетке "өзінің конституциядағы бейбіт жиын мен митинг өткізу туралы құқығын пайдалана отырып барғанын" Азаттыққа айтты.

47 жастағы Ерғали Байдақов шеруге рұқсат сұраған арызын Facebook парақшасына да жариялаған. Ол "жерді шетелдіктерге жалға бермеу үшін Қытайдың ескі-құсқы, тозығы жеткен 51 кәсіпорнының келуіне қарсылық білдіргісі келетінін, мұны азаматтық парызы деп санайтынын" мәлімдеген.

Бейнеу ауданын 1992 жылдан бері басқарған әкім Басшы Әзірханов зейнеткерлікке шыққалы жатқанын, бұл арыздың өзіне қатысы жоғын айтты. Ал оның орынбасары Кенжеғали Машрықов арызды қарап жатқандарын, егер заңға сәйкес келсе жауабын беретіндерін хабарлады.

Қытайдың Қазақстан аумағында бірлескен 51 кәсіпорын салу туралы жоспарын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы қыркүйекте Қытайға сапары кезінде айтқан. Оның сөзінше, жалпы құны 26 миллиард долларға бағаланған бұл объектілер бес жылдың ішінде салынып бітуі тиіс.