Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына қарасты Сұлукөл ауылына жақын маңдағы дала өртінен зардап шеккен екі адам 6 қыркүйек күні Комсомол селосындағы ауруханада қайтыс болды. Әйтеке би аудандық денсаулық сақтау бөлімінің хабарлауынша, осылайша Сұлукөл ауылындағы дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқандар саны төрт адамға жетті.
Аудандық ауруханаға аса ауыр жағдайда түскен 1969 жылғы тракторшы мен 1979 жылы туған ауыл мектебінің жұмысшысы 6 тамыз күні түстен кейін жан тапсырған. "Екі науқасты облыс орталығына әкету үшін Ақтөбеден санавиация келіп жатқан болатын. Екеуі де сол кезде қайтыс болды" дейді аты-жөнін атамауды сұраған дәрігер.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, өрт 4 қыркүйекте болған. Өрт сөндіру кезінде төрт адам зардап шегіп, оның бірі - ауданның 41 жастағы тұрғыны оқиға орнында қаза тапқан. Оның мәйіті өрт сөндірілгеннен кейін табылған.
Денесін түрлі дәрежеде күйік шалған үш ер адам ауруханаға түскен. Олардың бірі – ауыл мектебінің 39 жастағы мұғалімі 5 қыркүйекте көз жұмған.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өрт болған жерде қаза тапқан 41 жастағы тұрғын - селолық округ әкімі Батырбек Бірлепесов. Ауруханада көз жұмған 39 жастағы азамат - Сұлукөл ауылындағы мектеп мұғалімі Жолдыбек Әбдісаламов.
Қазір оқиға бойынша сараптама тағайындалып, Қылмыстық кодекстің 292-бабының 2-бөлімімен ("Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") соталды тергеу басталған.