Ақтөбеде тепловоз рельстен шығып, ондаған адам эвакуацияланды

Теміржол вокзалының маңындағы тұйықта рельстен шығып кетіп, көп қабатты үйге жете бір-ақ тоқтаған тепловоз. Ақтөбе, 7 қыркүйек 2017 жыл.

Ақтөбенің шетіндегі теміржол вокзалы маңында теміржол тупигінен тепловоз рельстен шығып кетіп, көп қабатты үйге соғылуға шақ қалды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

"Сержан" пәтер иелері кооперативінің төрайымы Нұрсұлу Дәулетованың айтуына қарағанда, таңертеңгі сағат 8:30 шамасында вокзал маңындағы теміржол тұйығына апарып қойылған тепловоз рельстен шығып кетіп, Жаманқұлов көшесі бойындағы 6/1 бес қабатты үйдің қоршауын, жанындағы газ құбырын бұзып өтіп, үйді жанамалай ағашқа барып тірелген. Тепловоз бен үйдің арасы шамамен 30 сантиметрдей ғана қашық.

Бұдан соң төтенше жағдайлар, өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем, газдан апатты қорғау қызметі шақырылып, бес қабатты үйдің 40 шақты тұрғыны эвакуацияланған. Нұрсұлу Дәулетова төтенше оқиғадан ешкім зардап шекпегенін, тек үйдің артында тұрған жеңіл көлік бүлінгенін айтады. Эвакуацияланған тұрғындар бірер сағат далада тұрған.

Оқиға орнында жүрген теміржолшылар Азаттық тілшісіне оқиғаға қатысты ақпраат беруден бас тартты. Тепловоз әлі әкетілмеген.