Оралда үш кісінің өліміне күдікті 2 айға қамалды

Үш кісіні өлтірді делінген күдікті Әділет Камалиев Орал қалалық соты судьясының өзін қамауға алу туралы санкция шығаруы кезінде. 7 қыркүйек 2017 жыл.

Орал қалалық сотының тергеуші судьясы Раушан Исмаилова 24 жастағы Әділет Камалиевті екі айға қамауға санкция берді. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданынан шыққан Камалиев екі әйел мен олардың бірінің үш жастағы баласын өлтірді деген сезікпен ұсталған.

Істі қараушы прокурор Марат Ишановтың тұжырымы бойынша, кісі өліміне қызғаныш себеп болған. Кісі қолынан мерт болғандардың бірі күдіктімен бірге тұрудан бас тартқан. Камалиев қылмыс жасағанын мойындаған.

5 қыркүйекте Орал қалалық ішкі істер басқармасы Оралдың түбіндегі Зачаганск кентінде үш кісінің кісі қолынан мерт болғанын хабарлаған. Құрбандарды пышақтап өлтіріп, мәйіттерін үйімен бірге өртеп жіберуге тырысқан.

Камалиевке Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Екі немесе одан да көп кісіні, кәмелетке толмаған адамды өлтіру") бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша 15 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.