Польша Еуропа Одағы (ЕО) сотының шешіміне қарамастан, өз территориясына босқындарды қоныстандырмайды деп мәлімдеді Польша сыртқы істер министрі Витольд Ващиковский.
Ол Еурокомиссияның мигранттарды қабылдаудан бас тартқаны үшін Польша, Венгрия және Чехияның үстінен ЕО сотына шағымдану жоспарын сынады. Министрдің сөзінше, Варшава сотта өзінің босқындарды қоныстандыру бағдарламасына қатыспау құқығын қорғайды. "Біз қорғанамыз, себебі бізге еуропалық институттардың ағат шешімінен гөрі Польшаның қауіпсіздігі маңызды" деді Витольд Ващиковский.
6 қыркүйекте ЕО соты Венгрия мен Словакияның босқындарды ЕО елдеріне бөлетін жоспарды жоюды талап еткен шағымын орындамай тастаған. Будапешт пен Братислава ЕО елдеріне босқындарды қоныстандыруды міндеттеуге қарсы. ЕО пана сұрап келген босқындарды бөліп қоныстандыру бағдарламасын 2015 жылы қабылдаған. Бағдарлама мигранттардың Еуропаға жаппай ағылып келуінен туындаған дағдарысты реттейді деп саналған.
ЕО шешімімен Чехия, Польша және Хорватия да келіспейді. Босқындарды бөліп қоныстандыруды негізінен Германия, Франция мен Швеция қолдаған. Бағдарлама бойынша, ЕО-ға мүше мемлекеттер Грекия мен Италияға барған 120 мың мигрантты қабылдауы тиіс. Қазірге дейін бұл бағдарлама бойынша 28 мыңға тарта адам қоныстандырылған.