Оңтүстік Қазақстан облысында 58 полицей құқық бұзғаны үшін қызметінен шеттетілді. Бұл туралы Азаттыққа облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова мәлім етті.
Салтанат Қаракөзованың айтуынша, жыл басынан бері облыста 58 полиция қызметкері түрлі құқық бұзушылық әрекетін жасағаны үшін қызметінен шеттетілді.
- Олардың ішінде 33-і қылмыс жасағаны үшін қызметінен босатылды. Құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін үш адам, қызметтік тәртібін адал атқармағаны үшін бір адам, қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін бір адам, себепсіз жұмысқа шықпағаны үшін алты адам, спирттік ішімдік ішіп автокөлік басқарғаны үшін жеті адам, қызметтік орында спирттік ішімдік ішкені үшін үш адам, есірткілік мас хәлде болғаны үшін үш адам, әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін бір адам жұмыстан босатылды. Полицейлер тәртіптік комиссияның шешімімен қызметінен шеттетілді, - дейді ол.
Қаракөзованың сөзінше, қылмыс жасағаны үшін қызметінен шеттетілгендердің арасында "пара алған" және "есірткі бизнесіне қатысқан" полицейлер де бар. Қызметінен шеттетілгендер сот үкімі шыққаннан соң шенінен айырылған.