Минскіде Ресеймен бірлескен жаттығуға қарсылық білдірді

Беларусь-Ресей бірлескен әскери жаттығуын өткізуге қарсылық акциясына қатысушылар. Минск, 8 қыркүйек 2017 жыл.

Жұма күні Минскінің орталығында Беларусь қарулы күштерінің Ресей әскерилерімен "Батыс-2017" бірлескен әскери жаттығуын өткізуіне қарсылық акциясы өтті деп хабарлайды Азаттықтың Беларусь қызметі. Бейбіт шараға шыққан ондаған адамның арасында кей оппозиция лидерлері де болды. Акцияға қатысушылар Беларусь мемлекеттік туы мен "Бейбіт Беларусь үшін!", "Ресей, үйіңе қайт!" деген жазулар ұстап шықан.

Жиналғандар алдында сөйлеген Беларусь президенттігіне экс-кандидат Владимир Некляев: "Біз Ресей мен орыстарға қарсы жиналған жоқпыз, біз Шығыс пен Батыстың өзара қарым-қатынасын анықтауына, әскери жанжалға Беларусьті тарту саясаты Беларусьтің болашағына қатер төндіретінін, қарапайым адамдармен бірге билікке де одан кем емес қауіп төнетінін басшылыққа ескерту үшін жиналдық" деп мәлімдеген.

Минскідегі қарсылық қарсы акциясы туралы видео:

Your browser doesn’t support HTML5

Минскіде Ресеймен бірлескен әскери жаттығу өткізуге қарсылық білдірді

Оппозициялық саясаткер Николай Статкевич Ресей бірлескен жаттығудан кейін әскері мен техникасын Беларусь жерінде қалдыруы мүмкін деген қауіп барын ескертті.

Тағы бір оппозиция лидері Павел Северинец Беларусь тәуелсіздігін қорғау қажеттігін айтып, саяси тұтқындарға бостандық беруге шақырды.

Ресейлік блогер Рустем Адагамов Twitter әлеуметтік желісіндені жазбасында Минскідегі акцияға шыққандардың қолында"Орыс сарбазы, үйіңе қайт! Мұнда арақ жоқ!" деген жазу болған атап көрсеткен. Мұндай мазмұндағы жазуды 1968 жылы СССР Чехословакияға әскер кіргізгенде "Праге көктемін" қорғаушылар ұстап шыққан еді.

Минскідегі бейбіт акцияға қатысушылар қабылдаған қарарда беларусь патриоттары өздерінің елін Ресей және Украина мен НАТО арасындағы текетіреске тартуға қарсы екендері, сонымен бірге Беларусьтің бейтараптылығы туралы конституция ережесін қолдайтындары айтылған.

Беларусь оппозициясы ел армиясының Ресей әскерімен "Батыс-2017" бірлескен әскери жаттығуын өткізуіне бұған дейін де қарсылық білдірген болатын.

Минскідегі қарсылық шеруі туралы фотогалерея:

Ресеймен бірлескен әскери жаттығуға қарсылық акциясы