"Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы, таяуда сот бас бостандығын шектеген Жанболат Мамай сот үкіміне шағымданбайтынын мәлімдеді. Журналист Мамай бұл туралы бүгін Алматы қаласындағы Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюросы орталығында өткізген баспасөз жиынында айтты. Жиынға азаматтық белсенділер мен ақпарат құралдары және "Жанболат Мамайды қорғау комитетінің" белсенділері қатысты. Жиынды жүргізген құқық қорғаушы Евгений Жовтис Жанболат Мамайға тағылған айып "дәлелденбеді" деп санайтынын білдірді.
Биыл ақпанның 10-ы күні "Әблязовтың ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген күдікпен Алматыда қамауға алынған Жанболат Мамай жеті айдан кейін, 7 қыркүйекте сот үкімімен бостандығы төрт жылға шектеліп, босап шыққан. Жанболат Мамай осы уақытта өзіне қолдау білдірген ақпарат құралдары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарына және қоғамдық белсенділерге алғысын айтты.
Мамай сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірмеу туралы шешімді қоғам белсенділері және құқық қорғаушылармен ақыладаса келе қабылдағанын, шағым түсіруді "бекерге уақыт өткізу" деп білетінін мәлімдеді.
Жанболат Мамай сот үкімінен соң Азаттыққа берген сұхбатында өзіне қарсы істің "саяси астары бары айқын" екенін айтқан. Ол "журналистік кәсібіне тыйым салынса да, қоғамдық қызметпен айналыса беретінін" мәлімдеген.
ВИДЕО: Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция (07.09.2017)