Назарбаев Сирияға әскер жіберу туралы пікірін білдірді

Алеппода бақлау жасап жүрген Ресей әскерилері. Сирия, 13 қыркүйек 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада журналистермен өткен кездесуі кезінде Қазақстанның Сириядағы деэскалация аймағына бітімгерлер жіберудің шарттары туралы пікірін білдірді.

Назарбаевтың сөзінше, Қазақстан Сирияға әскер жіберу жайын тек БҰҰ шешімімен қарай алады.

"Деэскалация аймағына қатысты бізге жиі сұрақ қойылады. Біріншіден, Конституцияға сәйкес, “қауіпті нүктелерге” әскерді парламент шешімімен ғана жібере аламыз. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жарғысына сәйкес, мұндай күштер қарастырылмаған. Егер БҰҰ әскер жіберу туралы шешім қабылдайтын болса, біз БҰҰ-ның мүшесі ретінде бітімгерлік күштерімізді жібере аламыз" деді Назарбаев.

Назарбаев сонымен бірге Қазақстан Сирия дағдарысының бейбіт түрде шешілгенін қалайтынын айтты.

"Бейбітшілік орнатуға әлі алыс екенін түсінеміз. Бірақ әрбір ел мүмкіндігінше өз үлесін қосу керек. Біз де қолымыздан келгенін жасап жатырмыз" деді Қазақстан президенті.

Назарбаев бұл мәлімдемесін Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі халықаралық келіссөздің алтыншы кезеңі өтіп жатқан тұста айтты.