БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның кезекті рет зымыран ұшыруын "жүгенсіз арандату" ретінде айыптады. Кеңеске мүше 15 мемлекеттің бірлескен мәлімдемесінде Пхеньянның іс-қимылы аймақ елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіретіні айтылған.
Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Корей түбегінде ядролық қарудан бас тарту қажеттігін атап көрсеткен. Қыркүйектің 15-і күні таңертең Солтүстік Кореяның орта қашықтықтағы зымыраны Жапонияның үстімен ұшып өтіп, Тынық мұхитына құлаған соң АҚШ пен Жапонияның сұрауы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өткізілген.
БҰҰ жанындағы Ресейдің өкілі Василий Небензя Мәскеудің Солтүстік Кореяға қарсы енгізілген жаңа санкцияларға қосылуға ниетті екені туралы мәлімдеді. Сонымен бірге ол Солтүстік Корея мен басқа да мүдделі тараптарды бір-біріне қоқан-лоққы жасауды доғаруға шақырған.
Қыркүйектің 11-і күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейту туралы қарарды бірауыздан қолдап дауыс берген. Қарарға сәйкес, Солтүстік Кореядан текстиль өнімдерін сатып алуға, ол елге табиғи газ сатуға тыйым салынып, мұнай және мұнайдан жасалған өнімдер сату көлеміне шектеу енгізілген.