Ресейлік баспасөз құралдарының хабарлауынша, Ресей қорғаныс министрлігі "Искандер-М" жедел-тактикалық зымыран кешенінен атылған зымыран Қазақстандағы Мақат полигонындағы шартты нысананы жойғаны туралы ақпарат таратқан.
"Жоғары қуатты" зымыран 480 шақырым қашықтықтағы Мақат полигонындағы нысанаға тиген деп хабарлады 18 қыркүйекте ресейлік "Интерфакс" агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. "Алыс қашықтықтағы" нысанаға зымыран "Батыс-2017" стратегиялық жаттығулары аясында, Астрахан облысындағы Капустин Яр полигонынан ұшырылғаны айтылады.
"Батыс-2017" әскери жаттығулары 14 қыркүйекте Ресей мен Беларусь территорияларында басталған. Әскери жаттығуларға жүздеген танк, артиллериялық қарулар, ондаған әскери кемелер мен тікұшақтар қатысып жатыр.
"Батыс" жаттығуы төрт жылда бір рет өткізіледі. Биылғы жаттығу Ресей 2014 жылы көктемде Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алғалы бері алғаш рет өтіп жатыр.
НАТО ұйымы "Батыс-2017" жаттығуы Ресейдің "үлкен соғысқа" дайындалып жатқанын білдіреді деп санайды.